Мемлекеттік рәміздер
Ту, Елтаңба және Әнұран — тәуелсіз еліміздің бірлігі мен егемендігінің, өткені мен болашағының айқын белгісі.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы
Мемлекеттік Ту — ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген көгілдір түсті тік бұрышты мата. Тудың сабының тұсында тік жолақ түрінде ұлттық ою-өрнек орналасқан. Күн, оның шұғыласы, қыран және ою-өрнек — алтын түсті.
Геральдика тілінде көгілдір түс адалдық, сенім және үміт сияқты адами қасиеттерді білдіреді. Ол сондай-ақ бірлікті және бейбітшілік пен береке бейнесі болған ашық аспанды еске салады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы
Елтаңба дөңгелек пішінді. Көгілдір аясында жан-жаққа күн шұғыласындай тараған уықтары бар шаңырақ бейнеленген. Шаңырақтың оң және сол жағында аңыздағы қанатты пырақтар орналасқан. Жоғарғы бөлігінде бес бұрышты жұлдыз, төменгі бөлігінде «QAZAQSTAN» деген жазу бар. Бейнелердің барлығы алтын түсті.
Елтаңбаның негізі — шаңырақ. Ол — ортақ үйдің, әлемнің тұтастығының, отбасы мен береке-бірліктің нышаны.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным!
Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай,
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным!

Астана қаласы Қазтұтынуодағының жоғары колледжі