Заманауи технологиялар мен тіл мәдениеті ұштасқан ашық сабақ!
2026 жылдың 23 қыркүйегінде «Астана қаласы Қазтұтынуодағының жоғары колледжі» ББМ-де қазақ тілі пәнінен керемет интерактивті ашық сабақ өтті. Сабақты педагог Мукашева Айжан Талғатқызы «Маркетинг» мамандығының 1-курс студенттеріне (М9-26-2 тобы) өткізді.
Сабақтың тақырыбы: «Сөйлеу шеберлігі және тіл мәдениеті. Қосымшалардың жалғануы».
Бұл сабақтың басты ерекшелігі – жасанды интеллект құралдары мен геймификация элементтерінің кеңінен қолданылуы болды. Студенттер сабақ барысында болашақ маркетолог ретінде кәсіби дағдыларын шыңдайтын келесідей қызықты тапсырмаларды орындады:
Абайдың «Толық адам» іліміне негізделген психологиялық тренинг арқылы студенттер смартфон камерасына қарап, өздеріне сенімділік ұялатты.
Coogle Vids платформасында жасалған екі түрлі виртуалды маркетолог-аватардың сөйлеу шеберлігі мен тіл тазалығы салыстырылды.
Gemini жасанды интеллектісіне жарнама мәтінін жаздырып, студенттер оның грамматикалық нормаларға сай екендігіне морфологиялық сараптама жасады.
Студенттер AIDA маркетингтік формуласы бойынша 4 топқа (Attention, Interest, Desire, Action) бөлінді.
Топтар Midjourney жасаған абсурдты өнімдерге (мысалы, виртуалды дәм сездіретін қасық, ұйқысыздыққа қарсы смарт-көзәйнек немесе нейро-қалам) «Элеватор питч» форматында жарнама жасап, қорғап шықты.
Топтардың жұмысы «Инвестициялық питчинг» әдісімен бағаланды. Қалған топтар инвестор рөліне еніп, қолдарындағы 100 000 ₸ виртуалды капиталмен ең үздік әрі сауатты сөйлеген спикер-маркетологтарға өз «инвестицияларын» құйды.
Сабақ соңында Mentimeter платформасы арқылы рефлексия жүргізіліп, студенттердің қатесіз жазылған сөйлемдерінен динамикалық «Цифрлық сөздер бұлты» жасалды.
Жаңашылдыққа толы осындай сабақтар студенттердің білімге деген құштарлығын арттыратыны сөзсіз!
instagram-нан қараңыз.
facebook-тен қараңыз. 


Астана қаласы Қазтұтынуодағының жоғары колледжі